Raison аэроғарыштық технологиялар стартапы Destinus-қа инвестиция салды
Компания шамамен $850 мың инвестиция салды

Raison Asset Management аэроғарыштық технологиялар стартапы Destinus-тың Seed қаржыландыру кезеңіне қатысты. Компания Conny & Co, Quiet Capital, One Way Ventures, Liquid2 Ventures, Cathexis Ventures және ACE & Company қатарлы инвесторлардан $29 миллион қаржы тартты. Raison Asset Management шамамен $850 мың инвестиция салды.
Destinus – Швейцарияда орналасқан стартап, негізін қалаушысы – Momentus пен Dauria Aerospace ғарыштық технология стартаптарының экс-негізін қалаушысы Михаил Кокорич. Стартап ұшақты гипердыбыстық жылдамдықпен мезосфераға көтеріп, планетаның басқа нүктесіне біркелкі қондыру технологиясын әзірлеуде. Қозғалтқыштар электролиз арқылы өндірілген, жаңартылатын энергия көздерінен алынатын сұйық сутекпен жұмыс істейді, бұл технологияның көміртек ізін нөлге дейін азайтады.
Компанияның айтуынша, мұндай жеткізу Еуропадағы арнайы әуежайдан Австралияға шамамен 2 сағатқа созылады. Құрлықаралық экспресс-әуе жеткізулер әдетте 48–72 сағатты алады. Дәрі-дәрмектер, вакциналар, донорлық органдар, маңызды құжаттар мен тез бұзылатын өнімдерді тасымалдауға сұраныстың өсуі аталған саланы дамытып, тасымалдау құнын одан әрі төмендетеді. Құн төмендеген сайын электронды коммерция, логистика және басқа да салалардан жаңа тұтынушылар тобы нарыққа шығады.
Алғашқы коммерциялық гиперұшақтың жүк көтерімділігі 1 тоннаға дейін болады. Компания бұл көрсеткішті 100 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Михаил Кокоричтің бағалауы бойынша, алғашқы коммерциялық гиперұшақтар 3–4 жылда іске қосылады, ал үлкенірек ұшақтар 2027–2030 жылдары ұша алады.
2021 жылғы қарашада Destinus Германияда алғашқы сынақ ұшуды орындады. Jungfrau деп аталған прототип, жолаушылар көлігінің үлкендігіндей, 20 метр биіктікке көтеріліп, 150 км/сағ жылдамдықпен бірнеше маневр жасады. 2022 жылы компания көлемі үлкенірек прототиптердің сериялы сынақ ұшуларын өткізуді жоспарлап отыр.