Raison ChatGPT-тің басты бәсекелесіне 1,5 миллион доллар инвестиция салды
Қаржыландыру көлемі 1,5 миллион долларды құрады, инвестиция компанияның C сериялы инвестициялық раундында жасалды

Алматыда орналасқан Raison Holding америкалық Anthropic стартапына инвестиция салды. Anthropic – OpenAI-мен қатар, ChatGPT-тің баламасын жасаған әлемдік көшбасшы генеративті жасанды интеллект әзірлеушілерінің бірі. Қаржыландыру көлемі 1,5 миллион долларды құрады және бұл инвестиция компанияның C сериялы инвестициялық раундында жасалды.
Anthropic – жасанды интеллекттің әлемдегі жетекші әзірлеушілерінің бірі. Оны 2021 жылы Калифорнияда бұрынғы OpenAI қызметкерлері құрған, олардың қатарында GPT-2 және GPT-3 модельдерінің авторлары бар. Атап айтқанда, Anthropic бас директоры Дарио Амодей OpenAI-де зерттеу бөлімінің вице-президенті болған.
Anthropic-тің жасанды интеллект ассистенті Claude деп аталады. Оның функционалы ChatGPT-ге ұқсас, бірақ мәтін мен компьютерлік код көлемі бойынша үш есе көп мәлімет өңдей алады. Бұл ассистент Slack қосымшасына плагин ретінде, Poe платформасында және ақылы API сервисі арқылы қолжетімді.
Компания екі жыл ішінде Google, Spark Capital, Salesforce Ventures және Zoom Ventures секілді инвесторлардан 1 миллиард доллардан астам инвестиция тартты. C сериялы раунд барысында компания шамамен 4,5 миллиард доллар бағалауымен 450 миллион доллар қаржы жинады.
Андрей Березин, Raison басқарушы серіктесі:
— Жасанды интеллект – бүгінгі күннің ең талқыланатын технологияларының бірі; ChatGPT-ті 100 миллионнан астам адам қолданады. Бұл жай ғана танымал тренд емес: Goldman Sachs мәліметтері бойынша, жасанды интеллект келесі 10 жылда жаһандық ЖІӨ-ні 7%-ға арттырады. Бұл технологияның келешегі зор, сондықтан біз оның жетекші әзірлеушілеріне инвестиция салдық.
Raison – халықаралық инвестициялық холдингтік компания. Офистері Алматы, Таллин және Сан-Францискода орналасқан. Компанияны Андрей Березин мен Александр Зайцев құрған. Холдинг құрамына Raison Asset Management компаниясы кіреді, оның венчурлік портфелінде 35-тен астам жеке технологиялық компания бар, соның ішінде Илон Масктың SpaceX компаниясы да бар.