Киберқауіпсіздік: Цифрлық дәуірдің үрдістері мен сын-қатерлері
Қазақстанда киберқылмыстар саны соңғы бес жылда үш есе өсті.

Ақпаратты қорғау бүгінгі таңда бизнес пен күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған цифрландыру дәуірінде үлкен маңызға ие. Ақпараттық қауіпсіздік технологияларына инвестициялар орынды ғана емес, сонымен қатар өте тиімді болып отыр.
Нарыққа шолу
Сараптамалық компания Precedent Research деректері бойынша, ғаламдық киберқауіпсіздік нарығы 2022 жылы 211,48 млрд долларды құрады және болжам бойынша 2032 жылға қарай 690 млрд доллардан асады. 2023–2032 жылдар аралығында нарықтың жылдық орташа өсу қарқыны 12,58% деңгейінде болады деп күтілуде.
Киберқауіпсіздікке жұмсалатын шығындардың өсуі көптеген факторларға байланысты, соның ішінде зиянды бағдарлама (software) көлемінің үнемі артуымен. Хакерлік тәсілдер үнемі жетілдірілуде. Хакерлердің қызметтері қолжетімді бола түсуде және оларды бәсекелестік немесе жылдам табыс үшін жиі пайдаланады, бұл Cybercrime-as-a-Service (қызмет ретінде киберқылмыс) моделінің пайда болуына алып келді.
Экономиканың кең көлемді цифрландырылуы жедел шешімдерді талап етеді, бұл көп жағдайда өнімдердің шикі және қорғалмаған күйде шығарылуына ықпал етеді. Цифрлық трансформацияның қарқыны киберқауіпсіздік саласындағы дамудан озып отыр. Бұған қоса, мамандардың тапшылығы жағдайды қиындатады: 2022 жылы талдаушылардың бағалауынша, бұл салада әлем бойынша 3,5 миллиондай тар ауқымды маман жетіспейді.
Осылайша, киберқауіпсіздік нарығына өсу ғана қалады, ал бұл саладағы компаниялар жаңа, интеграцияланған және қарқынды дамыған цифрлық экономиканың талаптарына толық сәйкес келетін шешімдер ұсынуға мәжбүр.
Саладағы үрдістер
Бүгінде қызметтеріне жасанды интеллект немесе биометрикалық технологияларды енгізбейтін компаниялар нарықтан шеттеп қалу қаупіне ұшырайды, сондықтан киберқауіпсіздік қызметтері бүгінде бөле-жаруға болмайтын заманауи трендтерсіз елестетілмейді.
Негізгі нарықтық үрдістер көбіне жасанды интеллект (AI) пен машиналық оқыту технологияларымен байланысты. Бұл технологиялар аномалиялар мен қауіптерді автоматты түрде анықтайды, пайдаланушылар мен жүйелердің әрекетіне талдау жүргізеді және болуы мүмкін шабуылдарды болжайды. Жасанды интеллект инциденттерге жауап беру уақытын қысқартып, жалған оң нәтижелер санын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кибершабуылдарды тану мен бейтараптандырудағы адам рөлі едәуір азаяды.
Қашықтан жұмыс істейтіндердің артуы мен бұлттық қызметтердің кеңінен қолданылуы Zero Trust Architecture моделіне қызығушылықты арттырды. Бұл модель кез келген пайдаланушы мен құрылғыға алдын ала тексерусіз толық сенімсіздік қағидатын ұстанады, қосымша қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етіп, рұқсатсыз қолжетімділік қаупін барынша азайтады.
Бұлыт қауіпсіздігі маңызды салаға айналуда, себебі компаниялар бұлттық инфрақұрылымдарға белсенді өтуде. Бұлттағы деректер мен қосымшаларды қорғауға салынған инвестициялар деректердің ағып кетуінің алдын алуға және реттеуші талаптарға сай болуға көмектеседі, бұл қазіргі заманда аса өзекті. Деректерді қорғау және құпиялық та маңызды рөл атқарады. Компаниялар заңды талаптарға сәйкес деректерді шифрлау, қолжетімділік бақылау және деректерді басқару шараларын күшейтіп, айыппұлдардан құтылып, клиент сенімін сақтайды.
Киберқалпына келтіру де компаниялар ерекше назар аударып отырған маңызды бағытқа айналды. Бизнестің үздіксіз жұмыс істеуі мен кибершабуылдан кейін тез қалпына келтіру стратегиясы мен құралдарын құру — инциденттерге ден қою жүйелері мен резервтік көшіруді қамтиды. Сонымен қатар, көп факторлы аутентификацияны кеңінен пайдалану киберқылмыскерлерге рұқсатсыз қолжетімділікті ауырлатады, себебі пайдаланушылардан өзін қосымша растау талап етіледі, бұл қауіпсіздіктің жаңа стандартына айналып келеді.
Заттар интернеті (IoT — құрылғылар арасындағы деректер желісі) және оның қауіпсіздігі ерекше назарды қажет етеді, себебі құрылғылар санының көбеюі жаңа осалдықтарға жол ашады. Құрылғылар «ақылды» функциялармен жабдықталып, нарықта AIoT тенденциясын қалыптастырады — яғни, интеллектуалды желімен байланысқан құрылғылар. Компаниялар бұл құрылғылар мен желілерді қорғауға арналған арнайы шешімдер әзірлеуде. Сонымен қатар, қолжетімділікті басқару жүйесі сегменті өсіп, биометрикалық технологияларды енгізу тенденциясы айқын білініп жатыр. Нарық түрлі идентификация шешімдерін ұсынады: бет-әлпетті тану, саусақ, алақан, қызылтамыр немесе көздің тор қабығын оқу. Биометрияның басты артықшылығы — тану сенімділігі мен дәлдігінің жоғары деңгейі.
Бұл үрдістер киберқауіпсіздік дамуының барған сайын күрделі және маңызды бола түскенін, сондай-ақ цифрлық трансформация жылдамдығының әсерін айқындайды. Заманауи киберқауіпсіздік технологияларына және стратегияларына инвестиция салу деректерді, жүйелерді, бизнес-процестерді қорғауда шешуші мәнге ие бола бастады.
Уақыт талабына сай трендтердің үйлесімі: Rubrik мысалы
2013 жылы құрылған Rubrik компаниясы бұлттық деректерді басқару және киберқауіпсіздік саласында көшбасшылардың біріне айналды. Компания құрылған сәттен бастап инвесторлардың үлкен қызығушылығына ие болып, бастапқы жария орналастыруда (IPO) 752 миллион доллар жинады.
Компания деректерді қорғау саласында zero-trust моделіне негізделген ерекше тәсіл ұсынады, ол ұйымдарға кибершабуылдарға, ішкі зиянды әрекеттерге және операциялық ақауларға төтеп беруді арттыруға мүмкіндік береді. Компания ұсынатын өнімдер қатарына деректерді қорғау, қауіптерді талдау, деректер қауіпсіздігін басқару және киберқалпына келтіру кіреді. Бұл шешімдер Rubrik Security Cloud атты фирмалық платформа арқылы ұсынылады, ол zero-trust қағидаттарына негізделген. Платформа деректердің корпоративтік, бұлттық және SaaS (Бағдарламалық жасақтама ретінде қызмет – Software as a Service) қолданбаларындағы толық кибер- тұрақтылығын кепілдейді. Компания жаңа жазылым клиенттерін тартып, бұрынғы клиенттерімен ынтымақтастықты сақтап, дамытты.
Компанияның тағы бір ерекшелігі — оның технология секторы бойынша доллармен есептелетін таза жазылымдық қайтарым деңгейі өте жоғары, 2024 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 133%-ды құрады.
IPO нәтижесінде Rubrik нарық көшбасшыларының біріне айналуы мүмкін. Алғашқы орналастырудан түскен кіріс 750 миллион доллардан асып, компанияның қаржылық тұрақтылығын айтарлықтай күшейтті. IPO-дан кейін компания баланста 880 миллион доллар ақшалай қаржы, ал қысқа мерзімді инвестицияларды есептегенде 1 миллиард доллардан астам қаражат жинақтады.
Rubrik заманауи киберқауіпсіздік тенденцияларын, білікті басшылық пен стратегиялық нарықтық көзқарасты тиімді ұштастырады. Компания инновациялық тәсіл мен алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуінің арқасында нарықта өз орнын нығайтып, алдын ала IPO кезеңінде Microsoft пен бірқатар ірі қорлардан инвестиция тартты. Дегенмен, компания алдындағы басты қатер — нарықтың жылдам өзгеруі мен жоғары бәсекелестік, бұл өз шешімдерін тұрақты түрде жаңарту мен жетілдіруді талап етеді. Ертеңгі күні нарыққа жаңа ойыншы келіп, қауіпсіздік жүйелерін енгізуде икемдірек жүйе ұсынып, ІТ-алпауыттар мен қаржы секторынан сенім мен қаражат алуы әбден мүмкін.
Қазақстандағы жағдай
Цифрлық трансформация аясында киберқауіпсіздік Қазақстан үшін бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Сандық қызметтер мен деректердің өсуі ақпараттық қорғауды аса маңызды етеді. Сонымен бірге, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда киберқылмыстар саны үш есеге артқан. 2023 жылы шетелдік хакерлер тарапынан 223 миллионнан астам кибершабуыл тіркелген, олардың 63%-ы мемлекеттік секторға тиесілі болды.
Киберқауіпсіздікке инвестициялар инфрақұрылым мен құпия ақпаратты ғана емес, сондай-ақ бизнес пен азаматтарға арналған сенімді және қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан осы қарқынды және құбылмалы салада көшбасшы орын алуы, үрдістерді түсінуі және нарық көшбасшыларымен ынтымақтасуы керек, бұл оның цифрлық активтерін сенімді қорғап, цифрлық экономиканы әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Forbes Kazakhstan